
Өңірде "Жасөспірім" жедел алдын-алу шарасы өтуде.
Абай облысының аумағында жедел-профилактикалық іс-шарасы 10 сәуір мен 6 мамыр аралығында өткізілуде.
Бұл шараның мақсаты — жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың құқықтарын қорғау. ЖПІШ аясында полиция қызметкерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық қайраткерлер, блогерлер мен барлық жанашыр азаматтардың қатысуымен ауқымды рейдтер ұйымдастырылуда. Ең бастысы — балаларды қауіпті немесе асоциалды ортаға тап болуына жол бермеу.
"Іс-шараның алғашқы төрт күні ішінде 181 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. 14 жасөспірім Балалар бейімдеу орталығына орналастырылды. Айтарлықтай алаңдататын жағдай — 158 жасөспірім түнгі уақытта заңды өкілдерінің қадағалауынсыз көшеде жүрген. Сонымен қатар, 11 ата-ана өз балаларын тәрбиелеу міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", — делінген хабарламада.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, қоғамның барлық мүшелерінің белсенді қатысуын талап етеді.
"Әрқайсымыз балаларды теріс әсерлерден қорғау және оларға қауіпсіз әрі сау орта қалыптастырудағы рөлімізді түсінуіміз қажет", — деп қосты ПД-де.
Абай облысы Полиция департаменті ата-аналарды өз балаларына көбірек көңіл бөлуге, олардың қарым-қатынас ортасы мен бос уақыттағы іс-әрекеттеріне қызығушылық танытуға шақырады.
Сурет: жасанды интеллект көмегімен жасалды