Алаяқ болып қалмаудың жолдары: жаңадан келгендерге арналған нұсқаулық


Өзіңізді, деректеріңізді және мүлкіңізді кибер алаяқтардан қалай қорғауға болатыны, жиі және егжей-тегжейлі айтылады. Ал оңай ақша табу әрекетінен алаяқтың құрбаны емес, ешкімді алдамай-ақ оның өзі болып шығуыңыз мүмкін екендігі туралы мәлімет аз. Бұл қалай болады және бұған жол бермеу үшін не істеу керектігін айтып берейік.

Әдетте, бәрі жеке кәсіпкерлікті жалға беруден басталады. Біреулер кәсіпкерлерден жеке деректерін және белгілі бір ақы үшін онлайн-банкингке кіруге рұқсат беруін сұрайды. Олардың атынан сауда жасап, салық төлейміз дейді, ал іс жүзінде бәрі басқаша болады.

Жеке кәсіпкерлікті жалға алғандар қымбат тауарлар «сатылатын» онлайн-парақшалар ашады. Олар сатып алушыларға шот-фактура ұсынып, төлемді қашықтан қабылдайды, бірақ тауарды жеткізбейді.

Ерте ме, кеш пе, алданып қалған клиенттер сотқа жүгінеді, онда шотына ақша түскен кәсіпкердің алаяқтық схема туралы ештеңе білмегені және оның атынан басқа біреулер сауда жасағаны анықталады.

Бұрын мұндай жағдайға тап болған кәсіпкерлер жауапкершіліктен босатылып, кейде тіпті сотта жәбірленуші деп те танылған болатын.

Ал қазір жағдай түбегейлі өзгеруде. Биыл ақпан айында өткен брифингте Шымкент қылмыстық сотының төрағасы Айнель Орақбаева өзінің жеке кәсіпкерлігін жалға беретін кәсіпкерлер қылмысқа қатысушы болып саналуға тиіс, өйткені олардың көмегінсіз алаяқтық схема жүзеге аспайтын еді деп мәлімдеді.

Осыған ұқсас жағдайлар Петропавлда да болған. Сот жоқ тауарға шот-фактура ұсынған алаяқтарға ЖК-ны жалға берген адамдарды кінәлі деп тапты.

ЖК-ны жалға бере отырып, соттан бірақ шығуыңыз мүмкін. Егер тыңдау барысында кәсіпкердің біліп-білмей алаяқтық, салық төлеуден жалтару, заңдастыру немесе ақшаны жылыстату схемаларына қатысқаны дәлелденсе, онда ол нақты түрме жазасына кесілуі мүмкін.

Осылайша, оңай ақша табамын деп алаяқ атануыңыз ықтимал.

Бұған жол бермеу үшін өз атыңыздан тауарлар мен қызметтерді сатуға ешкімге рұқсат бермеңіз. Мұндай жалға алушыларға мүлдем сенбеңіз және сақ болыңыз!