Семейде жылыту маусымы аяқталды: 10 шақырым жылу желісі жаңартылды

Тұрғындардан түскен шағымдар 23%-ға төмендеген.

Қала әкімдігі бұл кезеңді апатсыз және тиімді өтті деп бағалап отыр. Осыған орай Семей қаласының әкімі Талғат Мұратов "Теплокоммунэнерго" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұжымына және жылумен қамтамасыз етуге атсалысқан мердігер ұйымдардың мамандарына алғыс білдірді.

Жылу беру науқанына алдын ала дайындық барысында оң және сол жағалаудағы магистральдық және аулаішілік жылу желілері күрделі жөндеуден өткізілген. Нәтижесінде қала бойынша жалпы ұзындығы шамамен 10 шақырымды құрайтын жылу желілері жаңартылды .

"Қаланың тұрақты жылумен қамтамасыз етілуі – әрбір тұрғынның өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Биылғы жылыту маусымында ақаулар тіркелмеді, бұл – жауапты салада еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегінің нақты нәтижесі", – деді қала әкімі.

Қала әкімдігінің мәліметінше, өткен жылыту маусымымен салыстырғанда биыл апаттық жағдайлар 50%-ға қысқарған. Сонымен қатар тұрғындардан түскен арыз-шағымдардың саны 23%-ға азайған. Бұл көрсеткіштер инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту мен сала қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының оң нәтижесі екенін көрсетеді.

Жиын соңында Талғат Мұратов жылыту маусымы кезінде ерекше белсенділік танытқан қызметкерлерді Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапаттады.

Сала мамандары алдағы уақытта да жылу жүйелерін кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстарын жалғастыруға ниетті. Ал қала тұрғындары үшін бұл – алдағы қыста жайлы әрі қауіпсіз өмір сүрудің кепілі болмақ.

Сурет: pixabay.com