Ұлыбритания Ресейдің бірқатар мұнай компанияларына, соның ішінде "Татнефтьке" қарсы санкциялар енгізді. Осыған байланысты LS Қазақстандағы бірлескен жобаларға (БЖ) қатысты қандай шаралар қабылданып жатқанын "ҚазМұнайГаздан" (ҚМГ) сұрап білді.
Ұлттық компанияның хабарлауынша, қазіргі таңда бірлескен жобаларға қатысушылар сыртқы факторлардың, оның ішінде санкциялық шектеулердің ықпалын кешенді түрде бағалап жатыр.
ҚМГ-де бұл ретте құқықтық, қаржылық және техникалық аспектілердің барлығы ескерілетінін нақтылады.
"Жобалар аясындағы жұмыстар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы мен шарттық міндеттемелерге сәйкес белгіленген тәртіпте жүзеге асырылып жатыр. Барлық келісімдерде шектеу шаралары енгізілген жағдайда қолданылатын әрекет ету тетіктерін көздейтін санкциялық ереже бар. Аталған ережелердің талаптары құпия болып саналады", – деп мәлімдеді ұлттық компанияда.
Қазіргі уақытта "Татнефть" Қазақстанда келесі жобаларды жүзеге асырып отыр:
- "Бутадиен" жобасы – "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-мен (SK Ondeu) бірлесіп жүзеге асырылып жатқан, инвестиция көлемі $1 млрд-тан асатын мұнай-химия жобасы (жылына 186 мың тонна өнім өндіру жоспарланған);
- ҚМГ-мен бірлескен "Қаратон подсолевой" барлау блогы;
- Қарағанды облысындағы шиналар зауыты – Allur тобымен бірлескен жоба.
Бұған дейін, LS редакциясы сарапшылардың Ресейдің мұнай компанияларына қарсы енгізілген санкциялар Қазақстандағы бірқатар жобаларға қауіп төндіруі мүмкін деген пікірін жариялаған болатын.
