Алғашқы тексеру барысында баланың денесінен ешқандай зорлық-зомбылық белгілері байқалмаған.
Қызылордада бірнеше күн бұрын жоғалып кеткен алты жасар Медина Мұратбекқызының өлі денесі табылды.
Облыстық полиция департаментінің алдын ала таратқан мәліметіне сәйкес, бүлдіршіннің мәйіті "Әйтек" су торабынан ағыспен төмен қарай шамамен 30 шақырым жерден табылған. Алғашқы тексеру барысында баланың денесінен ешқандай зорлық-зомбылық белгілері байқалмады.
Еске сала кетсек, Медина Мұратбекқызы үстіміздегі жылдың 5 маусымы күні кешкі уақытта Рисмаш ауданындағы Сырдария өзенінің жағалауында орналасқан бөгет аумағына ойнауға шығып, содан қайта оралмаған еді. Кішкентай қызды іздестіру жұмыстарына полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан сарбаздары, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, еріктілер, жоғалған қыздың туыстары мен жергілікті тұрғындар біркісідей жұмылдырылды.
Оқи отырыңыз: "Моля, не нервируй меня". Мөлдір Әуелбековаға қатысты жазба неге қоғамның ашуын туғызды?
Бірнеше күнге созылған ауқымды іздестіру шаралары барысында арнайы техникалар, дрондар, із кесуші иттер және сүңгуірлер тобы үздіксіз жұмыс атқарды. Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның толық мән-жайын анықтау мақсатында тиісті тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
