Тұрғындардың айтуынша, аймақта кеміргіштер қаптап, санитарлық ахуал нашарлаған.
Атыраудағы шағын аудандардың бірінде мерзімі өткен нан өнімдерінің далаға тасталуы тұрғындардың наразылығын тудырды. Куәгерлердің айтуынша, шашылып жатқан таба нан мен тоқаш өнімдерінің кесірінен аймақта кеміргіштер қаптап, санитарлық ахуал нашарлаған, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Әлеуметтік желіде дабыл қаққан қала тұрғындары наубайхананың жарамсыз өнімдерді қапқа салып, сыртқа шығарып тастауын "бассыздық" деп бағалады. Олар бұл жағдайға санитарлық мамандардың назар аударып, шұғыл шара қолдануын талап етіп отыр. Ал жауапты органдар тексеріс тек тұрғындар тарапынан ресми шағым түскен жағдайда ғана жүргізілетінін мәлімдеді.
Аталған жағдайға байланысты наубайхана иесі өз уәжін айтты. Оның сөзінше, жарамсыз өнімдер жерге тасталмаған, керісінше, мал азығы үшін арнайы сұрыпталып, сыртқа шығарылған. Тұрғындардың бұл өнімдерді тегін алып кететінін алға тартты.
"Бұл – аудандардан қайтқан нан. Айдың басында барлық жүргізуші Сағыз, Мақат, Доссор секілді ауылдардан осылай жинап әкеледі. Оны ауылдан келетін үлкен кісілер малға пайдалану үшін сол күні-ақ тегін алып кетеді. Біз оны жерге шашпаймыз, өйткені шашылған нанды қайта жинау өзімізге де тиімсіз, артық жұмыс. Бізде нан ешқашан қалмайды, бұл айына бір рет қана болатын жағдай", — деді наубайхана басшысы Венера Макишева.
Оқи отырыңыз: СҚО-да бақташы жүзге жуық жылқыны сатып жіберген: Тұрғындар 37 млн теңге шығынға батты
Қазіргі уақытта екі тараптың да уәжі белгілі болды. Дегенмен, тұрғындар бұл мәселенің заң аясында қаралуын талап етуді тоқтатпақ емес.
