Алматыдан Пхукетке ұшатын рейс 10 сағатқа кешікті

Air Astana әуекомпаниясының Алматы – Пхукет рейсінің 10 сағатқа кешігуіне байланысты жолаушылар наразылық білдірді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Kazinform.-ға сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде наразы болған жолаушылардың посты шықты. Олардың сөзінше, ұшақ Алматыдан түнгі сағат 01.30-да ұшуы керек еді, алайда, рейс бірнеше сағатқа кешіктірілген.

Әуе компаниясының баспасөз қызметі Алматы — Пхукет бағытында КС563 рейсін орындайтын Boeing 767 ұшағы 13 желтоқсанда сағат 01:30-да ұшуы керек болғанын растады. Алайда, ұшу техникалық себептермен, сондай-ақ, экипаждың жұмыс уақытының аяқталуы және оларлың ауысуымен байланысты кешіктірілгенін хабарлады.

"Ұшпақшы болған жолаушыларға ыстық тамақ пен сусындар ұсынылды. Ұшу уақыты сағат 12:15-ке дейін ауыстырылды. Қазіргі уақытта ұшақ аталған бағыты бойынша ұшып кетті. Әуе компаниясы келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрай отырып, қауіпсіздік біздің басты басымдығымыз екеніне сендіреді", — деп хабарлады Air Astana-ның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, әуе компаниясы кешіктірілген рейстің жолаушылары help.airastana.com. сайтында кешіктірілген әр сағат үшін 3% өтемақы алуға өтініш қалдыра алатынын хабарлады.