«Қазіргі автобус жолағынан айырмасы аз»

Алматыдағы жаңа БРТ жобасына қатысты сұрақ неге көп?

Биыл сәуірде Алматыдағы Райымбек батыр және Желтоқсан көшелерінде BRT желісінің құрылысы басталды. Екі жобаның жалпы құны — 44,8 млрд теңге. Жаңа желі Тимирязев көшесі бойындағы бұрыннан бар BRT желісіне қосылуы керек .

Құрылыс жұмысын 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жобада жолақтар аралас түрде жоспарланған — кей жерде жолақ жолдың ортасында, ал кейбірінде жол жиегінде.

Власть басылымы Urban Forum Kazakhstan сарапшысы Диас Маратұлымен BRT жобасының даулы тұстарын талқылады.

Желтоқсан көшесінде қандай өзгеріс болады?

Желтоқсан көшесі бойындағы BRT (Bus Rapid Transit) желісі 4,6 км және Тимирязев көшесі бойындағы жұмыс істеп тұрған BRT желісін Райымбек батыр даңғылында салынып жатқан жаңа желімен қосады.

Автобус көшенің екі шетіндегі жолақпен жүреді. Қазір Желтоқсан көшесі — төмен қарай жүретін бір бағытты жол. Әкімдік жариялаған рендерде автокөліктерге үш жолақ сақталатыны көрсетілген.

Ал көшенің сол жағындағы қазір қолданыстағы автотұрақ алынып тасталады да, оның орнына жоғары қарай қозғалатын автобус жолағы салынады.

Әкімдік кейбір кәсіпкерлер «автотұрақтардың қысқаруына қатысты алаңдауы мүмкін» дейді. Есесіне көршілес орналасқан Наурызбай батыр көшесіндегі автобус жолағын алып тастап, орнына автотұрақ жасап бермек.

Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, жаңа желі шығыс-батыс қана емес, оңтүстік-солтүстік бағытындағы көлік байланысын да жақсартып, автобустардың орташа жылдамдығын 40%-ға, ал жолаушылар легін 30%-ға арттырмақ.

Дегенмен, қала басшылығы баспасөзге арналған хабарларында болашақ желінің негізгі тұстарын толық айтқан жоқ. Мәселен, Желтоқсан көшесі бойымен төмен қарай қозғалатын жеңіл көліктердің қиылысқан көшелерге қалай бұрылатыны және оның автобус жолындағы қозғалысқа кедергі келтіру-келтірмеуі белгісіз күйі қалып отыр.

Бұған қатысты «Власть» басылымының сауалына қаланың мобильдік басқармасы тек Желтоқсан көшесінен Райымбек батыр даңғылындағы бұрылысқа қатысты мәлімет береді. Олардың жоспарына сәйкес, бұрылыс шеткі оң жолақтан басталып, кейін автобус жолағына басымдық бере отырып, Райымбек даңғылындағы орта жолаққа ауысады. Бұл Желтоқсаннан Абылай хан көшесіне дейінгі аралыққа қатысты.

Ал BRT жолағы не себепті Желтоқсан көшесінің екі шетінде болады? Басқарманың түсіндіруінше, бұл шешім қозғалыс қауіпсіздігі, тарихи құрылыс нысандарын және жасыл желекті сақтау, сондай-ақ жол айрығындағы келіспеушілікті азайту үшін қабылданып отыр.

Urban Forum Kazakhstan ұйымының сарапшысы Диас Маратұлының айтуынша, Желтоқсан бойымен төмен қарай жүретін автобустар мен автомобильдерге айтарлықтай өзгеріс болмайды, себебі «БРТ» деген аты болмаса, оның қазіргі автобус жолағынан айырмасы жоқ. Тек шамалы ғана өзгеріс болуы мүмкін.

«Оңға қарай бұрылу қалып отыр. Оларды қалай ойластырғаны белгісіз. Райымбек даңғылына ұқсас болатын шығар, олай болса, оның қазіргі автобус жолағынан айырмашылығы болмайды», — дейді ол.

Десе де, Маратұлының пікірінше, Желтоқсан көшесі бойымен жоғары қарай жүретін автобустардың қозғалыс жағдайы жақсарады — бұл бағытта жеңіл автокөліктер жүрмейді, сондай-ақ оң жағындағы қиылысқан көшелерде автобус жолағы жұмыс істеп тұр.

«Мысалы, Гоголь, Бөгенбай батыр көшелерінде қарама-қарсы жүретін автобус жолақтары бар. Ол жақта автобустарға ыңғайлы болады, оларға кептеліс жасайтын кедергі болмауы керек. Макатаев көшесінде де солай», — деп болжайды ол.

Маратұлының пікірінше, Желтоқсан көшесіне параллель орналасқан көршілес Наурызбай батырдағы автобус жолағының алынып тасталуы айтарлықтай кедергі болмайды, себебі ол көшемен жүретін автобустар Желтоқсан көшесіне ауысады.

Райымбек батыр даңғылында не болады?

Райымбек батыр даңғылындағы BRT қаладағы ең ұзын автобус жолына айналмақ. Бұл көлік қозғалысы көп көшенің бірі, сондықтан мұнда БРТ құрылысы үш кезеңге бөлінген: Пушкин көшесінен Сейфуллин даңғылына дейін (1,8 км), Сейфуллин даңғылынан Ахрименко көшесіне дейін (7,2 км) және Ахрименко көшесінен «Алтын Орда» базарына дейін (7,5 км).

Әкімдіктің бұл даңғылға қатысты ауқымды жоспары бар. Көше кеңістігі толық қамтылып, ғимараттан ғимаратқа дейінгі аралық — жол, тротуар, жасыл аймақ пен ғимараттардың қасбеті толығымен жаңғыртылмақ. Сонымен қатар, тротуарлар, веложолақтар, балалар ойнайтын алаң және спортпен шұғылданатын алаңқайлар салынады.

Маратұлының пікірінше, бұл Райымбек батыр даңғылына жаңа өмір сыйлайды, себебі жұмыс тек қоғамдық көлікпен шектелмей, «ғимараттан ғимаратқа дейінгі» бүкіл аумақты қамтиды.

«Әкімдіктің мұндай жобаларды жасап жатқаны өте жақсы. Биыл бізде екі үлкен көшеде қоғамдық көлікке арналған жобаның жасалып жатқанының өзі үлкен бір жаңалық», — дейді ол.

Бірақ маманның бұл жобаға қатысты бірнеше сұрағы бар. Соның ішінде ең маңыздысы — не себепті Райымбек батыр даңғылындағы БРТ жолағы бірде көшенің ортасымен, енді бірде шет шағымен өтеді?

«БРТ жолдың оң жағында болған кезде, автобус жолағы айтарлықтай тиімді бола алмайды. Қаламызда қазір де шартты түрде БРТ деп аталатын жолдың оң жағында орналасқан Жандосов көшесіндегі автобус жолағы бар. Алайда шын мәнінде оның Абай, Төле бидегі автобус жолақтарынан ешқандай айырмасы жоқ. Автобус бекеттері үлкен болғаны болмаса, функционалдық жағынан ол жай ғана автобус жолағы болып тұр», — деп түсіндірді Маратұлы.

Оның айтуынша, былтыр әкімдік жобаны қоғамға жариялаған кезде Өтеген батыр көшесінен батысқа қарай автобус жолағы жолдың оң жағымен жүреді, ал шығысқа, яғни қала орталығына қарай БРТ жолдың ортасымен жүреді деген.

Алайда жақында жарияланған рендерлерде БРТ Сейфуллин көшесіне дейін жолдың ортасынан өтетінін, алайда Сейфуллиндегі көпірден кейін ол жолдың шет жағына қарай ауысатынын көруге болады. Одан әрі тіпті Maxima дүкеніне дейін жолдың шетімен барып, Әуезов көшесінен бастап жолдың ортасына түсіп отыр. Райымбек батыр даңғылындағы барлық дерлік көпірде Сейфуллин көшесіндегі сияқты БРТ жолдың оң жағымен, яғни көпірді айналып өтеді.

«Автобустар ары-бері ойнап жүр», — дейді Маратұлы.

Саин көшесінен батысқа қарай қазір кептеліс болатын маңызды аймақ — Ақкент ықшамауданындағы көпір жаны. Жоспар бойынша онда шығысқа қарай жүретін автобустар көпірді айналып өтеді. Мұны Маратұлы жақсы шешім деп есептейді.

Ал батысқа қарай жүретін автобустарға тіпті арнайы жолақ қалмаған.

«Дәл осы тұста қоғамдық көлікке басымдық берудің шындығы көрінеді. Шынымен қоғамдық көлікке басымдық беретін болсақ, жеке көліктерге қанша жолақ қалатынына қарамай, ең қиын аумақтарда да міндетті түрде автобус жолағын салатын едік. Қазір тіпті жұмыс істеп тұрған автобус жолақтары алынып отыр», — дейді Маратұлы.

Осы жердегі жағдай қазіргіден қиындап кетуі мүмкін. Дәл соған ұқсас жағдай Момышұлынан батысқа, Алтын Орда базарына қарай да байқалады. Қызылмен көрсетілген автобусқа арналған жолақ көпірдің алдында бітеді, аялдама жанында кішкене ғана бөлігі бар.

«Жолдың оң жағындағы жолақ»

Автобус жолақтары жолдың оң жағында болғанда ортасында орналасқан жолақтан айтарлықтай тиімді бола алмағанымен, Маратұлы оң жақта тұрған жолақтың өзін әртүрлі ұйымдастыруға болады деп есептейді. Автобустардың оң жақта жүруінің өзі негізгі мәселе емес. Басты мәселе — бұл жолақтарға жеке көліктердің шыға алатыны.

«Мысалы, барахолка, Алтын орда жақтарда оң жақтағы автобус жолы бордюрмен бөлініп, жеке көліктердің ол жаққа шығуына ешқандай мүмкіндік бермейді. Барахолканы айтатын болсақ, айналмалы жолда оңға қарай бұрылыс жасағанда жеке көліктер автобус жолағына шықпайды, ол оны тігінен қиып өтеді. Ал Жандосов, Төле би, Абай сияқты көшелерде оңға, аулаға, көлік тұрағына бұрылу үшін, жеке көліктер заңды түрде автобус жолағына шығып отыр», — деп түсіндірді маман.

Kolesa.kz сайтында жарияланған Райымбек батыр даңғылының рендерлеріне қарасақ, оңға бұрылатын жолдардың тұсында қызыл жолақпен белгіленген автобус жолақтары жойылып отырады және автокөліктер оңға бұрылу үшін автобустың жолын жабуға мәжбүр болады. Мұндай бұрылыстар Райымбек батыр жобасында жиі кездеседі.

«Бұл бірінші кезекте қауіпсіздік мәселесін тудырады. Сонымен қоса, оңға бұрылғанда жеке көліктер де көп уақыт құртады. Оларға жаяу жүргіншілерді өткізіп жіберу керек және тағы басқа мәселелер бар. Сол себепті оң жақтағы жолақ керекті қозғалыс жылдамдығын қамтамасыз ете алмайды», — дейді Маратұлы.

Оның айтуынша, автобус жолағын жолдың оң жағында қалдырып, алайда жеке көліктер оңға бұрылыс жасағанда, автобус жолағының үстіне шықпай, оны жай қиып өтетін қозғалыс жүйесі жасалса, мәселе азырақ болады.

«Ол үшін міндетті түрде бордюр жасау қажет емес, жол белгілері арқылы да жасауға болады. Кей жерлерде тор белгі қолданылады, сол арқылы автобустарға кептеліс жасамауға мүмкіндік болады. Ондай шешім өте көп. Мысалы, кей жерде “ай жарығы” деп аталатын арнайы бағдаршам қолданылады, ол бірінші автобустың жүруіне мүмкіндік береді», — дейді сарапшы.

Қаланың мобильдік басқармасы BRT желісін ортасында да, шетінде де іске қосу шешімі туралы сұраққа былай жауап берді: бұл ауысып мінетін жерлерде ыңғайлы болу үшін және «қоғамдық көліктің қозғалысын жеке көлік ағынымен араластырып жібермеу мақсатында» қабылданды.

Басқарма BRT қозғалысын бағдаршам арқылы да реттеп отыратынын хабарлады.

Маратұлы автобусқа басымдық беретін мұндай бағдаршамдарды іске қосу туралы Тимирязев көшесін жасағанда да айтылғанын, бірақ іске аспағанын есіне алды.

Тимирязев көшесіндегі БРТ, фотоны Данияр Мүсіров түсірген

«Веложолдар жоқ жерден пайда болып отыр»

Биыл Райымбек батыр даңғылын реконструкциялағанда веложолақтар салу да жоспарда бар. Қалада кейінгі үш жылда бірде-бір веложолақ салынған жоқ.

Алайда үлкен даңғылда BRT желісі сияқты веложолақтарды да ұқсас мәселе күтіп тұр. Веложолақтар автобус жолағына қарағанда өз бағытын жиі ауыстырады. Тіпті қаланың орталық жағында Саяхат пен Сейфуллин көшесі арасында да веложолақтар бірнеше рет жолдың шетінен жолдың ортасына ауысып отырады.

«Веложолақтың ары-бері өзгеріп отыруы дұрыс емес, ол бір жағынан велосипедшілерге ыңғайсыздық тудырады. Сондай-ақ, көшедегі қауіпсіздік мәселесін тудырып отыр, яғни бұны қате шешім деп айтсақ болады», — дейді маман.

Розыбакиев көшесін қарасақ, ол жақта веложолақ жолдың ортасымен жүріп отырады, алайда Райымбек пен Розыбакиев көшесінің қилысында көпір бар екені белгілі. Диас Маратұлының байқауынша, сол жерде веложолақ жоқ жерден пайда болып отыр. Веложолақ Розыбакиев көшесін ешқандай жолмен қиып өтпейді.

«Веложүргіншілер Розыбакиев көшесін ыңғайлы түрде кесіп өте алмайды. Көпірден қалай өтетіні түсініксіз. Ол жерде велосипедшілер заңды бұзып, көпірді айналып өтуге мәжбүр болады, — дейді маман.

Жаяу жүргіншілер жолы

Райымбек батырдағы BRT жобасының жақсы тұсының бірі — Әуезов көшесінен батысқа қарай жүретін қозғалыс. Ол жақта қазір жерүсті көпірлері болса, осы жобада бағдаршамдар қойылып, әр аялдамада адамдарға жер үстімен жаяу жүргіншілер жолағы арқылы өтуге мүмкіндік береді.

Розыбакиев көшесімен қиылыста да жаяу жүргіншілерге жерүсті жолағы бар.

Алайда Саин көшесінен батысқа қарай бірде-бір жерүсті жолағы жоқ. Мұнда жаяу жүргіншілер жолды тек көпір нежерасты өткелдері арқылы ғана кесіп өте алады.

«Қоғамдық көлікпен жүретіндерге мұндай жолмен өту өте қиын. Ақкент ықшамауданы жақта көп адам жолдан жүгіріп өтіп, көптеген апат болып жатады», — деді Маратұлы.

Сөзін қорытындылай келе, Диас Маратұлы бұл жобаны жасаған кезде автокөлікшілердің өмірін тым қиындатпау деген мотивация шынымен болған сияқты дейді.

«Сондай радикал шешімдер жоқ. Тіпті автобустар жолдың ортасымен жүретін жерлерді қарайтын болсақ, солға қарай бұрылыс бар. Тимирязев көшесінде басынан-ақ автобустарға басымдық берілген еді. Тимирязевте автобустарға кедергі болатын бірде-бір солға бұрылыс жоқ. Ал Райымбек даңғылында ондай бұрылыстар бар», — деп қорытындылады ол.

Власть — это независимое медиа в Казахстане.

Поддержите журналистику, которой доверяют.

Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.

Поддержать Власть